ПОДЕЛИТЬСЯ
Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев Қазақстан мектептерінде оқу жылының аяқталуына қатысты мәлімдеме жасады,- деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Үкімет отырысында министрдің айтуынша,биыл оқу жылы "Білімім – Отанымa" атты бірыңғай сынып сағаттарын өткізумен аяқталады.
"Педагогикалық кеңестің шешімі бойынша,мектеп бітіруші түлектерге арналған "Мектебім,саған мың алғыс!" атты салтанатты іс-шараны 23 немесе 24 мамырға жоспарлау ұсынылды",– деді Ғани Бейсембаев.
Осылайша,әр мектеп соңғы қоңырауды өткізу үшін жұма немесе сенбі күнін – қолайлы күнді таңдай алады.
Оқу-ағарту министрлігі мәліметінше,бұл күндері 11-сынып оқушылары үшін бірыңғай ұлттық тестілеу (ҰБТ) өтеді және ол аталған мерекелік күнмен сәйкес келіп отыр.
Сонымен қатар,9 және 11-сынып түлектерінің қорытынды емтихандары 29 мамыр мен 16 маусым аралығында өтеді. Аттестат тапсыруға арналған салтанатты рәсім 18-20 маусымға белгіленген.
"Осы оқу жылын 3,9 миллион оқушы аяқтайды. Оның ішінде бастауыш сыныпта – 391 мың,негізгі мектепте – 364 мың бала оқиды. 217 мың бала – мектеп бітіруші түлектер. "Алтын белгіге" үміткерлердің саны бұрынғы жылдардағыдай – 5 пайыздан аспайды",– деп қосты Ғани Бейсембаев.